ҚСКҚ Басқарма Төрағасы «Атамекен» ҰКП Президиумы жанындағы Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің Төрағасы болып сайланды

Құрметті әріптестер мен серіктестер!

2025 жылғы 5 ақпанда өткен «Атамекен» Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы Президиумы жанындағы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің отырысында ҚСКҚ Басқарма Төрағасы аталмыш Комитеттің Төрағасы болып бірауыздан сайланды.

Комитеттің қызметі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдар арасында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған.

Комитеттің негізгі функциялары мыналарды қамтиды:

  • Комитет қызметінің бағытына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық палатаның ұстанымын мемлекеттік органдарда және олардың жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органдарда, комиссияларда және жұмыс топтарында ұсыну және қорғау;

  • Ұлттық палатаға сараптамалық қорытынды беру үшін келіп түсетін нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша ұстаным әзірлеу және ұсыну.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚҚС мөлшерлемесін өзгерту, ҚҚС бойынша тіркеу шегін қайта қарау, сондай-ақ бөлшек салық режимін қолдана алатын салық төлеушілер санатын қысқарту қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды. Бұл бастамалар бірінші кезекте шағын кәсіпкерлік субъектілеріне әсер етеді және кәсіпкерлік қауымдастықта алаңдаушылық тудырып отыр.

Ресми тұлғалардың айтуынша, бұл ұсыныстар бойынша сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықпен талқылау жұмыстары жүргізілуде. Алайда, іс жүзінде мұндай жұмыстар байқалмайды.

Осыған байланысты Комитет Төрағасы жақын арада Комитет отырысын өткізу жөнінде бастама көтерді. Аталған отырысқа аккредиттелген қауымдастықтар мен одақтардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар қауымдастығының мүшелері және ұсынылып отырған реформа әзірлеушілері қатысады деп жоспарлануда.

Отырыс қорытындысы бойынша Комитеттің ресми ұстанымы қалыптасып, Үкімет атына тиісті үндеу жолданатын болады.

Құрметпен,
Қазақстандық салық кеңесшілерінің қауымдастығы (ҚСКҚ)