2025 жылғы 17 ақпанда ҚСКҚ Басқарма Төрағасының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы «Атамекен» Президиумы жанындағы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің алғашқы отырысы өтті.
Отырысқа ҰКП Төрағасының орынбасары Жаркенов Т.З., Комитет мүшелері, салалық бизнес-қауымдастықтардың басшылары, сондай-ақ Салық кодексі жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері – Мәжіліс депутаттары Базарбек Б.Ж. және Шаталов Н.С. қатысты.
Комитет төрағасы қатысушыларды Үкіметпен жарияланған бюджеттік-салықтық реформа туралы хабардар етті. Бұл реформа ҚҚС мөлшерлемесін өзгерту, ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендету, сондай-ақ шағын және орта бизнеске арналған арнаулы салық режимін қолдануға қатысты жаңа тәсілдерді көздейді. Сонымен қатар, Салық кодексі жобасының Мәжілісте қаралу барысы туралы ақпарат берілді.
Үкіметтің бастамасымен әзірленген өзгерістер жобасы әлі Ұлттық палатаға ресми келісу үшін жолданбағаны атап өтілді. Осыған байланысты Төраға ҚҚС бойынша тіркеу шегін 5 есеге төмендетудің және B2B секторына СНР қолдануға шектеу қоюдың негізсіз екенін атап өтті.
Бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қолданыстағы салық заңнамасының нормаларын сақтау қажеттігін қолдап, ұсынылған өзгерістердің шағын және орта бизнеске теріс әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
Отырыс барысында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаттары Үкіметтің бастамалары Парламентке ресми түрде түскеннен кейін оларды мұқият зерттеу ниеттерін растады. Сонымен қатар, олар салықтық әкімшілендірудің кемшіліктеріне қатысты кәсіпкерлер айтқан бірқатар сын ескертулермен келісті.
Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстарды шоғырландырып, оларды Үкімет пен Мәжіліс Аппаратына жолдау туралы шешім қабылданды.